Жаңалықтар

2 тамыздан бастап астаналық сауда орталықтары мен кафе-ресторандар қалай жұмыс істейді

2021 жылғы 2 тамыз 15:58
2 тамыздан бастап астаналық сауда орталықтары мен кафе-ресторандар қалай жұмыс істейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 2 тамызда Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді. Құжатта елорданың бірқатар кәсіпкерлік нысандарының жұмыс тәртібі жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жаңа қаулыға сәйкес, дәріханалардан, азық-түлік дүкендерінен, байланыссыз жолмен қызмет көрсететін нысандардан және «Ashyq» жобасына қатыспайтын кәсіпкерлік нысандарының көпшілігінің жұмысына тыйым салынғанын айта кету керек. Сауда ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлері мен қала орталықтарына кіру тек Ashyq жүйесіндегі QR-кодты сканерлеу арқылы жүзеге асырылады. Бұл нысандардың жұмыс кестесі — таңғы сағат 7-ден 20:00-ге дейін. Сонымен қатар, сенбі және жексенбі күндері бұл нысандардың жұмысына тыйым салынады. «Фудкорттар жұмысына сенбі және жексенбі күндері тыйым салынған. Ал дүйсенбі-жұма күндері адам санын 50 орыннан асырмай сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін Ashyq жобасы арқылы жұмыс істей алады. Жұмыс және демалыс күндері сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін тамақ жеткізуге және өзімен алып шығуға рұқсат етіледі. Түрлі акциялар, жәрмеңкелер, шоурумдар мен ұтыс ойындарын (онлайн-форматты қоспағанда) өткізуге тыйым салынады», — делінген қаулыда. Сонымен қатар, Ashyq жобасына қатыспайтын қоғамдық тамақтану орындары — мейрамханалар, кафелер, кофеханалар, асханалар орналасқан жеріне қарамастан тамақ жеткізу немесе алып шығу қызметтерін көрсете алады. Ashyq жобасына қатысушыларға тек дүйсенбі-жұма күндері сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Бұл ретте мекеменің ішінде және ашық ауада толтырылуы 50 пайыздан аспауы керек, бірақ орын саны 50-ден асып кетпеуі тиіс.