Жаңалықтар

42 жастағы алматылық екпеден соң қайтыс болды деген күдік бар

2021 жылғы 6 мамыр 10:53
42 жастағы алматылық екпеден соң қайтыс болды деген күдік бар

АЛМАТЫ. Қазақпарат - Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы вакцинадан қайтыс болды делінген алматылыққа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ер адамның қайтыс болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған болатын. «Әлеуметтік желілерде Алматы тұрғыны Бақытжан Нұртазиннің өлімі жайлы ақпарат тарауда. Алматы қаласының әкімдігі марқұмның туыстарына көңіл айтады. 1979 жылы туған Б. Нұртазин есімді азамат биыл 12 сәуір күні емханаға коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алу үшін жүгінген. Екпе хаттамаға сәйкес өтті. Екпеден кейін Б. Нұртазин 30 минут бойы бақылауда болған, ешқандай шағым жасамаған»,- деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Қайтыс болған 42 жастағы алматылық 21 күннен кейін вакцинаның екінші компонентін алған. «Дәрігердің қарауы кезінде жағдайы қанағаттанарлық болған, екпе процедурасынан кейін 30 минут бақылауда болып, Б.Нұртазин үйіне кеткен. Жағдайы үйінде нашарлаған. Жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған»,- деп атап өтті басқармадағылар. Алдын ала болжамдарға сәйкес, ол жедел жүрек-қантамыр жетіспеушілігінен қайтыс болған. Қазір нақты себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама басталды. Нақты диагноз гистологиялық зерттеуден кейін белгілі болады.