Жаңалықтар

5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды - Алексей Цой

2020 жылғы 20 қазан 11:01
5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды - Алексей Цой

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық мақсатында дәрі-дәрмек қоры құрылып жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күзгі-қысқы кезеңде коронавирус инфекциясының ықтимал толқынына дайындалу үшін бірқатар шара қабылданды. Біріншіден, қоймаларда дәрілік заттардың азаймайтын екі айлық қорын қалыптастыру. COVID-19 бойынша 8,2 млрд теңгеге тапшы және сұранысқа 44 дәрі-дәрмек сатып алынады. Бұл дәрілер ай сайын шамамен 60 000 пациентті стационарда емдеуге мүмкіндік береді. КВИ екінші толқыны жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін төмендетілмейтін қор көлемі ҚР ДСМ болжамымен өтінімдерден тыс сатып алынбақ. COVID-19 бойынша дәрілік заттардың екі айлық қоры Бірыңғай дистрибьютордың хабтарында сақталады», - деді министр Үкімет отырысында. 2020 жылдың 15 қазанындағы жағдай бойынша 37 дәрі-дәмек 5,92 млрд теңгеге сатып алынды. Бұл шара болуы ықтимал КВИ екінші толқыны үшін коронавирус науқастарын емдейтін дәрілік заттар қорын құруға көмектеседі және сұраныс пен ауру деңгейін жоспарлау мәселелерін шешеді. «Екіншіден, медициналық ұйымдарда дәрілік заттар қорын жасау. Өңірлер пандемия кезінен бастап 16,6 млрд теңге болатын СOVID-19 дәрілік заттарының қосымша қажет екенін айтып келеді. Бірыңғай дистрибьютор 2020 жылдың 22 шілдесінен бастап, республикадағы барлық медициналық ұйымдарда, инфекциялық және провизорлық орталықтарда айлық қор қалыптастыру туралы шешім қабылдады. Осылайша, бүгінде бірыңғай дистрибьютор 17,9 млрд теңгеге 91 дәрілік зат жіберді. Бұл шара медициналық ұйымдардың шұғыл қосымша қажеттілігін жабуға, COVID-19 дәрілерімен стационарларды толықтыруға, резервтер құруға мүмкіндік берді», - деп қорытындылады А. Цой.