Жаңалықтар

Ақмола облысында 1 қыркүйектен бері 68 оқушы коронавирус жұқтырған

2020 жылғы 24 қараша 13:51
Ақмола облысында 1 қыркүйектен бері 68 оқушы коронавирус жұқтырған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында оқу жылы басталғаннан бері 68 оқушының коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз күн сайын оқушылар арасында коронавирус жұқтыруды анықтау бойынша мониторинг жүргізіп отырамыз. Ақмола облысында оқу жылы басталғаннан бері 68 оқушының коронавирус жұқтырғаны анықталды, оның ішінде 23 жағдай кезекші сыныпта және 45 жағдай қашықта оқитын балаларда тіркелді. Бұл балалармен байланыста болған 291 оқушы анықталды және олардан арасында вирус белгілері табылмады», - деді Айнагүл Мусина. Сонымен қатар, ол облыстағы мектепке дейінгі білім мекемелерінде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 24 жағдайы тіркелгенін атап өтті. Оның ішінде Көкшетау қаласында–17, Астрахан ауданында– 2 және Аршалы, Бурабай, Біржан сал және Жарқайың аудандарында 1 жағдайдан тіркелді. Ал, мектепке дейінгі білім мекемелерінде тәрбиешілер арасында зертханалық зерттелген расталған 8 жағдай тіркелді. Нақтырақ алғанда, Көкшетау қаласында – 6 жағдай және Бурабай ауданында – 2 жағдай. Айта кетейік, осыған дейін облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина Ақмола облысы коронавирус бойынша қауіптіліктің «қызыл аймағына» енгенін атап өткен болатын. Қазіргі кезде өңірде коронавирус инфекциясының таралуына талдау жүргізілуде. Осының нәтижесі бойынша аптаның соңында карантиндік шектеулерлді күшейтуге қатысты нақты шешім шығару жоспарланған.