Жаңалықтар

Ақмола облысында бірнеше мектеп оқушыларына коронавирус мұғалімдерден жұққан

2021 жылғы 23 қаңтар 15:10
Ақмола облысында бірнеше мектеп оқушыларына коронавирус мұғалімдерден жұққан

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 2020-2021 оқу жылының бірінші тоқсанында оқушылар арасында коронавирус жұқтырудың (7/18) 25 жағдайы, екінші тоқсанда 211 жағдайы (80/131), үшінші тоқсанда 65 жағдай (30/35) тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның айтуынша, оқушылар арасында коронавирус жұқтырғандар Көкшетау қаласында ең көп тіркелді - 143, бұдан кейін Степногор қаласы тұр - 16, ал Бурабай ауданында - 19, Сандықтау ауданында - 18, Зеренді ауданында - 12, Бұланды ауданында - 11, Атбасар ауданында - 9. «Жалпы білім беретін мектептердің оқытушылары арасында 108 жағдай тіркелген, оның ішінде 64 (60%) штаттық режимде жұмыс істеді. Штаттық режимде оқыған Зеренді ауданының Қызылегіс ауылындағы орта мектептің 4 сынып оқушысына коронавирус зертханада расталған мұғалімнен жұққаны анықталды. Көкшетау қаласының мектептерінде де оқушылардың мұғалім және туыстарынан жұқтырғаны белгілі болды», - деді Айнагүл Мусина. Ол атап өткендей, өңірдің білім беру объектілеріне жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің нәтижелері бойынша 11 мектепте (Зеренді ауданында – 7, Аршалы ауданында – 3, Қорғалжын ауданында – 1) бактерицидті шамдардың болмауы, дезинфекциялау құралдарының жеткіліксіз болуы, әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы сияқты карантин талаптарының бұзылғандығы анықталды. «Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 358370 теңге сомасына 11 әкімшілік айыппұл салынып, нұсқама берілді», - деді Айнагүл Мусина.