Жаңалықтар

Ақмола облысында вирус жұқтырғандардың 11 пайызы 20-30 жас аралығындағылар

2020 жылғы 27 мамыр 16:07
Ақмола облысында вирус жұқтырғандардың 11 пайызы 20-30 жас аралығындағылар

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Коронавирусқа жай тұмау тәрізді қарамау керек. Бұл ауру санаулы күндерде бұрын ешқандай ауруы болмаған ең мықты жастардың денсаулығын бұзуы мүмкін.

Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаев өңірде карантин шараларын шараларды сақтау туралы өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысының айтуынша, өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың 11 пайызы 20-30 жас аралығындағы жастар, 25 пайызы 30-50 жас аралығындағылар.

«Коронавирусқа жай тұмау тәрізді қарамау керек. Бұл ауру санаулы күндерде бұрын ешқандай ауруы болмаған ең мықты жастардың денсаулығын бұзуы мүмкін. Санитарлық шараларды сақтамасақ қатаң карантин режиміне қайта көшуіміз мүмкін. Сондықтан әрбір облыс тұрғыны оған толық жауапкершілікпен және түсіністікпен қарауы тиіс!», - деді Ермек Маржықпаев өз сөзінде.

Брифингіде айтылғандай, төтене жағдай енгізу кезінен бастап облыс аумағында 100 блокпост жұмыс істесе, бүгінгі күні оның 6-уы ғана қалды. Қауіпсіздік шараларының сақталуын бақылау мақсатында жедел топтар рейдтер жүргізіп жатыр.

Бүгінгі таңда 4 мың нысан тексеріліп, олардың 375-нен ереже бұзу жағдайлары анықталды. Нәтижесінде 200 әкімшілік материал толтырылды. Сондай-ақ, санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтамаған жеке тұлғаларға қатысты 400-ден астам материал толтырылды. Облыста қосымша 2 ПЦР зертханасы (Ұлттық сараптама орталығының филиалы мен «Олимп» медициналық орталығының зертханасы базасында) ашылып, жедел тестілеу жүргізіп жатыр. Бір айда 30 мыңға жуық адам тест тапсырды. Санитарлық нормаларды бұзғаны үшін бірқатар нысан, оның ішінде құрылыс компаниялары, дәмханалар, мейрамханалар жабылған. Сондай-ақ, қоғамдық көлікті пайдалану ережелері күшейтілген.