Жаңалықтар

Ақмолада кейбір дүкен-базарлар карантинге қарамастан демалыс күні жұмыс істеген

2021 жылғы 18 қаңтар 16:28
Ақмолада кейбір дүкен-базарлар карантинге қарамастан демалыс күні жұмыс істеген

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында мониторинг тобы кәсіпкерлер тарапынан карантин талаптарының сақталуын қадағалау бойынша рейд жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен демалыс күндері Көкшетау қаласының бірқатар сауда үйлеріне тексеріс жүргізілді. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысында тыйым салынғанына қарамастан демалыс күндері «Орталық базар» сауда орталығы, «Мечта» сауда үйі, «Рубин» сауда үйінің бөлімдері жұмысы істеген. «РИО» сауда ойын-сауық орталығында кей бөлімдердің сатушылары маска режимін бұзып, тұтынушыларға қызмет көрсеткені анықталды. «КВИ жұқтырудың айтарлықтай бөлігі аумағы 2000 шаршы метрден асатын ірі сауда объектілеріне тиесілі. Сондықтан олар үшін демалыс күндері локдаун жарияланды. Олар өз қызметін тоқтата тұруға міндетті. Көкшетауда жексенбі күні жүргізілген мониторинг барысында тағы бірнеше заң бұзушылық анықталды. Демалыс күні «Мега Планета» дүкені жұмыс істеді. Ал облыс орталығының «Светофор» дүкенінде кассада әлеуметтік қашықтық сақталмады» деді ведомстводан.