Жаңалықтар

Ақтөбе облысында өнеркәсіп жұмысшыларының 96 пайызы вакцина алған

2021 жылғы 5 тамыз 07:53
Ақтөбе облысында өнеркәсіп жұмысшыларының 96 пайызы вакцина алған

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында екпе алушылардың саны күрт өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сенсек, аймақта күніне үш мыңға жуық адамға екпе салынып жатыр. Оның арасында жасы алпыстан асқан тұрғындардың үлесі басым. «Ақпан айынан бері аймақта 228 мыңға жуық адам вакцинамен қамтылды. Өнеркәсіпте еңбек ететін жұмысшылардың 96 пайызы дертке қарсы екпе алған. Бүгінде өңір QazVac вакцинасының кезекті партиясын күтіп отыр» деп мәлім етті департаменттен. Індетке қарсы екпе салу облыстың 34 емханасында жүргізіліп жатыр. «Екі кезеңде вакцинация жүргізіліп жатыр. Екпені 15 мың адам алды, ешқандай реакция болған жоқ. Күніне 150-200 адамға дейін келеді. Сағат 9:00-де бастап, кешкі 20:00-де аяқтаймыз. Оған дейін келген адамдарды қабылдап, түсіндіріп, вакцинацияға жіберіп жатырмыз» дейді №1 қалалық емхананың дәрігері Бағила Бекбосынова.