Жаңалықтар

Ақтөбеде кейбір инфекциялық стационарлар науқастарға 90% толған

2021 жылғы 2 тамыз 13:11
Ақтөбеде кейбір инфекциялық стационарлар науқастарға 90% толған

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласындағы инфекциялық стационарларға аса ауыр жағдайда жеткізіліп жатқан науқас саны артты. Қазір 91 адам жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша бір тәулікте тағы 238 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 172-сі дерттің симтомды түріне шалдыққан. «Ақтөбе қаласында инфекциялық стационарлар толуға жақын. Сондықтан адамдар көп шоғырланатын жерде шама келсе бармаған дұрыс. Ия, түбегейлі карантиндік шектеу жоқ, кейбір шағын және орта бизнес субьектісі жұмыс істеп тұр. Бұл емін-еркін жүруге болады дегенді білдірмейді. Қазір облыстық фтизиопульмонологиялық орталық 85, Ақтөбе медицина орталығы 93 және теміржол ауруханасы 97 пайызға толды. Тағы жаңа аурухана ашылуы мүмкін. Егер жаңа стационар ашылса, бұл жоспарлы ем жүргізуге кері әсерін тигізеді», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров. Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 128 жүкті әйелден коронавирус инфекциялық анықталып, олар дәрігерлер бақылауына алынған. Ал 47-і стационарға жатқызылды. Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, 5 әйелдің жағдайы ауыр. Сонымен бірге 260 бала дәрігерлер бақылауында болса, оның 19-ы ауруханада. Қазір инфекциялық ауруханаларда ем қабылдап жатқан науқас саны 1 мыңға жуықтаған. Барлығы 91 адам жансақтау бөлімінде болса, оның 12-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.