Жаңалықтар

Ақтөбеде мектеп-интернаттар екі апта карантинде болады

2021 жылғы 9 сәуір 20:45
Ақтөбеде мектеп-интернаттар екі апта карантинде болады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде карантин шектеуі күшейтілді. 13-26 сәуір аралығында мектеп-интернаттар карантинде болады. Мұнда өзге адамның кіріп-шығуына тыйым салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева жаңа қаулы шығарды. Өңірде тағы да карантин шектеуі күшейтіледі. «Арнайы, мамандандырылған ұйымдар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мектеп-интернаттар (оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға), жалпы типтегі мектеп-интернаттар және дарынды балаларға арналған мектеп- интернаттарды 14 күнге карантинге жабу ұйымдастырылсын», - деп жазылған қаулыда. Сонымен бірге қарттар мен сәбилер үйі де осы тәртіпке бағынуы тиіс. Медициналық-әлеуметтік орталықтарында да 13-26 сәуір күндері карантин жарияланып, қызмет көрсететін персоналдың тұруы үшін жағдай жасалуы керек. «Ал балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтарының жұмысына рұқсат етілсін. Тек адам саны 15-тен аспауы тиіс», - деп жазылған қаулыда.