Жаңалықтар

Ақтөбеде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған ешкім жоқ

2020 жылғы 7 тамыз 22:15
Ақтөбеде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған ешкім жоқ

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде облысы бойынша соңғы тәулікте 2 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазір өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған ешкім жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір тәулікте өңірде 205 адам коронавирус инфекциясынан айықты. Облыс бойынша барлығы 3085 адам індетке шалдықса, оның 2059-ы жазылды. Өткен тәулікте тағы 2 адамнан вирус анықталған. Қазіргі уақытта олар инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Үй қарантиніндегі 523 адам бақылауға алынған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияровтың айтуынша, індет басталған күннен бері барлығы 69 шетелдік ем қабылдады. Оның 10-ы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Екеуі Қытай, екеуі Өзбекстан, алтауы Ресей азаматы. Өзгесі пневмонияға шалдыққан.

«Инфекциялық және провизорлық госпитальдарда 644 науқас жатыр. Оның ішінде 111-і аудандық ауруханаларда. Көбі Қарғалы мен Шалқар ауданында. Облыс бойынша 6 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Ал өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған ешкім жоқ», - деді Самат Данияров. Сонымен бірге облыстық балалар ауруханасындағы провизорлық орталықта 10 бала ем қабылдап жатыр.