Жаңалықтар

Алексей Цой: Індеттің өршуіне халықтың мереке күндері сақтық шараларын елемеуі себеп болды

2021 жылғы 19 қаңтар 10:25
Алексей Цой: Індеттің өршуіне халықтың мереке күндері сақтық шараларын елемеуі себеп болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирус инфециясының қайта өршуіне халықтың мереке күндері сақтық шараларын елемеуі себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы республикада өткен жылдың қараша айынан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтардың көбейгені байқалады. Қазан айымен салыстырғанда қарашада жұқтыру деңгейі 4,5 есе, қараша айымен салыстырғанда желтоқсанда 1,2 есе өскен. Жұқтыру деңгейінің арту тенденциясы қаңтар айында да сақталуда. Бұған желтоқсан және қаңтар айларындағы мерекелер кезінде халықтың алдын алу шараларын сақтамауы себеп болып отыр», - деді Алексей Цой Үкімет отырысында. Министр келтірген мәліметке сәйкес, қаңтар айындағы 19 күннің ішінде коронавирус инфекциясын 14 625 адам жұқтырған. «Жұқтыру деңгейінің артуы Шығыс Қазақстаннан басқа барлық аймақта байқалуда. Осы жылдың 19 қаңтарындағы жағдай бойынша инфекциялық және жан сақтау төсек орындарының толымдылығы 23 және 32 пайызды құрап отыр. Мониторинг мәліметтері бойынша, төсек орындары қорының толымдылығы қадағаланатын деңгейде», - деді ол.