Жаңалықтар

Алматы әкімі алғашқы медициналық көмек қызметінің дайындығын тексерді

2020 жылғы 15 тамыз 10:29
Алматы әкімі алғашқы медициналық көмек қызметінің дайындығын тексерді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев №17-ші қалалық емханада болып, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің КВИ індетінің жаңа толқыны жағдайына қалай бейімделетінін тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№17-ші емханада таза және «лас» аумақтар арнайы бөлінген, фильтр мен бақылау посты орнатылған. Емделуге жатқызылатын немесе тексеруден өтетін ЖРВИ белгілері бар сырқаттар, балалар, жүкті әйелдер араласпайды. Бұрынғыдай дәлізде бірге тұрмайды. Олар үшін жеке процедуралық және зертханалық кабинет, кіретін, шығатын орындар ұйымдастырылған. Мақсат – вирустың аурухана ішінде таралуына және қызметкерлердің вирусты жұқтыруына жол бермеу.

№17-ші емханаға Бостандық ауданының 82 мың тұрғыны тіркелген. Олардың 28 мыңға жуығы созылмалы ауруы болғандықтан диспансерлік есепте тұрғандар, бұлардың арасында қан қысымына, қант диабетіне, жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан науқастар бар.
Алматы әкімі Б. Сағынтаев «тәуекел тобындағыларға» жете назар аударуды тапсырды, өйткені олар КВИ жұқтыратын болса, жағдайы нашарлап, сырқат асқынуы мүмкін.
Қаланың барлық емханалары басшыларына ПИК-термен қоса қажетті ақпарат жазылған нұсқаулық тарату тапсырылды, мұнда ЖРВИ белгісі пайда болған кезде кімдерге жүгіну керектігі көрсетілген.


Бүгінгі күні құрамында емханалардың 40 маманы бар 16 мобильді топ амбулаториялық ем алып жатқан науқастардың жағдайын бақылауға алған. Қазіргі кезде КВИ-ден сауығып шыққан 8 адам, сырқаты жеңіл біреу және 18 симптомсыз науқас есепте тұр.
Жалпы, қалада 74 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы жұмыс жасайды, олардың 39-ы мемлекеттік, бұларға шамамен 1,7 млн адам тіркелген. Ал 35 жеке ұйымдарға тіркелгені 340 мың адамға жуық. Індет шарықтағакн кезде, 15 маусымнан 15 шілде аралығында 2450 вирус жұқтырушы үйде, дәрігерлердің бақылауында ем алды. Қазір бұлардың саны 825 науқас. Құрамында 925 дәрігер бар 300 мобильді топтар құрылды. Індеттің жаңа толқынына дайындық барысында бұл ресурстар екі есеге артатын болады.