Жаңалықтар

Алматыда 70 мыңнан астам мұғалім мен оқушыға компьютер қажет

2020 жылғы 14 тамыз 11:45
Алматыда 70 мыңнан астам мұғалім мен оқушыға компьютер қажет

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Білім басқармасы қашықтан оқыту үшін қанша мұғалім мен оқушыға компьютер қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім басқармасы жаңа оқу жылына дайындықты бастап кетті. Ең алдымен, мұғалімдер мен оқушыларды қажетті техникамен қамтамасыз ету қажет. Жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша, компьютерге мұқтаж мұғалімдер мен оқушылардың саны 70 мыңнан асты», - деп хабарлады Білім басқармасынан.

Мәлім етілгендей, тенхникаға қажеттілікті өтеу 5 бағыт бойынша жүзеге асады:

- мектептердегі компьютерлік техниканы уақытша қолдануға беру;

- білім беру ұйымдарының бюджеттік қаражаты есебінен ноутбуктер сатып алу;

- ноутбуктерді орталықтан сатып алу;

- жалпы білім беру қорының қаражаты есебінен тұрмысы төмен отбасыларға планшет сатып алу;

- Үкіметтің резервтік қорынан қаражат алу арқылы компьютерлік техника сатып алу.

«Мұқтаж оқушыларды компьютер, ноутбук және планшеттермен қамтамасыз ету биылғы тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басына жоспарланған. Сонымен қатар, интернет желісі нашар аудандарға ұялы байланыс операторлары қосымша антенналар орнататын болады»,– деп атап өтті басқармадағылар.