Жаңалықтар

Алматыда әскери госпиталь инфекциялық стационарға айналды

2021 жылғы 30 шілде 20:02
Алматыда әскери госпиталь инфекциялық стационарға айналды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әскерилер короанвирус науқастарын қабылдау үшін инфекциялық стационар ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Коронавирус инфекциясымен ауырғандардың көбеюіне байланысты Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталі инфекциялық стационарға айналды. Стационар 150 науқасқа арналған, бұл ретте медициналық мекемеде соматикалық патологиясы бар әскери қызметшілерді, сондай-ақ әскери-дәрігерлік және дәрігерлік-ұшқыштар сараптамасын жүргізу үшін 100 орын сақталады. Қалыптасқан жағдайда әскери дәрігерлер азаматтарды госпитальға жатқызу және білікті медициналық көмек көрсету үшін қолда бар ресурстарды жұмылдырды. – Біздің әскери госпиталь екінші эшелонға жатады. Сондықтан инфекциялық стационарға орташа ауыр және ауыр науқастар жатқызылатын болады. Жеке құрам бұл жағдайға дайын. Біздің медициналық персоналдың коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеу ісінде тәжірибесі бар. Ол үшін бізде ӨЖЖ және гемодиализ аппараттарымен жабдықталған реанимация бөлімшесі, сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмек бар, – деп түсіндірді Алматы қаласындағы Әскери клиникалық госпиталь бастығының міндетін уақытша атқарушы медицина қызметінің подполковнигі Абдували Палтушев. 2020 жылғы сәуірден бастап азаматтық тұрғындарға көмек көрсету үшін әскери госпиталь дәрігерлері екі рет тартылғанын естеріңізге сала кетейік. Нәтижесінде 1 430 адам, оның шамамен 30 %-і ауыр және асқынған деңгейдегі пациент емделіп шықты. Шілдеден бастап елордадағы бас әскери клиникалық госпиталь коронавируспен науқастанғандарды емдеу үшін қайта жұмылдырылғанын атап өткен жөн. Алматы, Талдықорған және Үшарал қалаларындағы үш әскери-емдеу мекемесі азаматтық тұрғындарды қабылдауға дайын. Аягөз, Талдықорған, Сарыөзек және Семей әскери госпитальдарында қосымша төрт инфекциялық оқшаулағыш жұмыс істейді. ПТР-тестілеу үшін Нұр-Сұлтанда және Алматыда екі стационарлық зертхана, сондай-ақ Ақтауда және Семейде мобильді зертханалық кешендер жұмыс істейді.