Жаңалықтар

Алматыда бір күнде 20 кәсіпкер карантин талабын бұзған

2020 жылғы 21 қазан 20:05
Алматыда бір күнде 20 кәсіпкер карантин талабын бұзған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бір күн ішінде Алматыда карантин талаптарын 20 кәсіпкер бұзған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Эпидемиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты әкімдік санитарлық нормаларға бей-жай қарамауға шақырады. 20 қазан күні Алматы қаласының мониторингілік топтары 56 тексеру өткізді. Олардың барысында 21 нысанда карантин талаптары бұзылғаны анықталды. Тиісті жұмыстар жүргізілді. Бетперде режимін бұзу бойынша жеке тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2 хаттама толтырылды. Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен қызметіне тыйым салынған нысандар, сондай-ақ жұмыс режимінің бұзылуы анықталды. Әуезов ауданының мониторингілік топтары бірнеше нысанда маска режимі сақталмағанын тіркеді. Соның ішінде Еуразиялық банк ғимараты, Абай көшесінің бойындағы лагманхана, «Алмасат» медициналық орталығы бар. Бостандық ауданында «Jungle» рестобары, «Мармарис» дәмханасы, «Мармарис wok» дәмханасында карантин шаралары бұзылған. Мониторингілік топ Наурызбай ауданындағы «Көктем» дүкенінен, «Буррито» дәмханасы, «Мандарин» дүкені, сондай-ақ сұлулық салоны мен кеңсе үй-жайында карантиндік іс-шаралардың бұзылғанын анықтады. Әкімдік кәсіпкерлерді эпидемиялық жағдай күрделене түскен кезде санитарлық нормаларды қатаң сақтауға және келушілер мен қызметкерлердің денсаулығына қауіп төндірмеуге шақырады. Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын барлық сақтық шараларын: маска киюді, әлеуметтік қашықтықты сақтауды, дезинфекциялық құралдарды пайдалануды және мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын орындарға бармауды ескертеді.