Жаңалықтар

Алматыда дәрі-дәрмекті жаппай сатып алушылар ұсталды

2020 жылғы 6 шілде 19:43
Алматыда дәрі-дәрмекті жаппай сатып  алушылар ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясы рейд барысында дәрі-дәрмектерді жаппай сатып алуды ұйымдастырған екі адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен түнде ПД жедел бөлімінің қызметкерлері рейд барысында дәрі-дәрмектерді жаппай сатып алуды ұйымдастырған екі адамды анықтады. Олардан «Ингавирин», «Тамифлу» және «Парацетамол» дәрілері тәркіленді. Бұл факт бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі», - деп хабарлады полициядан.

Еске салайық, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі елімізде рейд шаралары өткізіліп жатыр.

Тексерудің мақсаты – карантин уақытында қажетті дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін пайдаланып, жоғары сұранысқа ие болған респираторлық вирустық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сатқан дәріхана қызметкерлері мен азаматтарды анықтау.