Жаңалықтар

Алматыда карантин режимін бұзған тұрғындарға 234 млн теңге айыппұл салынды

2021 жылғы 14 сәуір 18:27
Алматыда карантин режимін бұзған тұрғындарға 234 млн теңге айыппұл салынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері карантин режимін бұзған алматылықтарға 234 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикер атап өткендей, қаладағы 40 мониторинг тобы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. « Жыл басынан бері Алматыда 1687 бұзушылық анықталып, 3515 хаттама толтырылды. Сонымен қатар, жалпы сомасы 234 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Эпидемиологиялық жағдай ушығып тұрса да мегаполистің кейбір тұрғындары санитар дәрігерлердің карантиндік талаптарын бұзуды жалғастыруда. Бұзушылар арасында көңіл көтеру орындарының иелері көш бастап тұр»,- деді спикер. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда барлық бұзушылықтар ауру жұқтырғандар санының көбеюіне алып келуі мүмкін. «Үйлену тойлары мен тойларға бару, таң атқанша түнгі клубтарда қалу арқылы адамдар өздеріне де, өздерінің жақындарына да коронавируспен ауыру қаупін төндіреді. Алматыда мутацияланған жаңа штамдардың тіркелгенін атап өткен жөн, оларды біздің азаматтар әлдеқайда қиын өткеруде», - деді санитарлық-эпидемиологиялық ведомство өкілі. Сәдуақас Байғабылов бизнес-қауымдастық өкілдері мен қала тұрғындарын коронавируспен күресте жауапкершілік танытуға, қарапайым санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға шақырды.