Жаңалықтар

Алматыда коронавирус бойынша эпидахуал әлі нашарлап жатыр

2021 жылғы 2 тамыз 16:48
Алматыда коронавирус бойынша эпидахуал әлі нашарлап жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал соңғы аптада нашарлап кетті. Бұл туралы қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикер өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда КВИ жұқтыру жағдайларының саны 1,4 есе өскенін, атап айтқанда 5790-нан 8393 жағдайға дейін көбейгенін, тәуліктік өсім 1,5% артқанын айтты. Қаланың қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, 1 тамызда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 1540 жағдайы тіркелген, оның 1404-і - симптоммен, 136-сы – симптомсыз. 198 адам сауығып шыққан, 439 адам ауруханаға түскен. Инфекциялық стационарларда (7 045 орын) 4 930 адам (240 бала) жатыр. Реанимация және интенсивті терапия бөлімінде жатқан сырқаттар саны – 310. ӨЖЖ аппаратына - 42, инвазивті емес ӨЖЖ аппаратына - 135, High flow аппаратына - 111 науқас қосылған. Бүгінгі күнде үйде алғашқы медициналық-санитарлық көмек және телемедицина орталығының мобильді бригадаларының бақылауында 10 070 пациент жатыр. Оның 9564-і – жеңіл және орташа дәрежедегі симптоммен, 506-сы – симптомсыз. Сондай-ақ 1 ақпан мен 1 тамыз аралығында бірінші компонентпен 725 575 адам вакциналанған. Өткен тәулікте 4 971 вакциналанған. 60 жастан асқан екпе алғандардың жалпы саны 99 587 адам. Қалада медициналық мекемелерде, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базарларда және СОСО-да 158 вакцинация пункті жұмыс істейді. 1 038 адамнан тұратын 234 егу бригадасы жұмылдырылған.