Жаңалықтар

Алматыда коронавируспен күреске 22 млрд теңге жұмсалды

2020 жылғы 24 қыркүйек 17:18
Алматыда коронавируспен күреске 22 млрд теңге жұмсалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Коронавирус пен пневмонияға шалдыққан азаматтар медициналық көмекті алуға толық құқы бар. Медициналық сақтандыру қоры тарапынан қауіпті инфекцияға қарсы күреске 159 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қордың Алматы қалалық бөлімшесіне сілтеме жасап.

Тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне коронавирусты емдеуге қатысты өзгерістер енгізілген. Сонымен қатар, қос пакет шеңберінде мобильді бригадалар мен COVID-19 шалдыққан пациенттерге үй жағдайында стационарлық қызмет көрсету мүмкіндіктері қарастырылған. Медициналық көмек азаматтардың сақтандыру жүйесіндегі статусына қарамастан көрсетіледі. Бұл өзгерістер әсіресе, жұқпалы аурулар өршитін күз мезгілінде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға септігін тигізері анық.

«Қазіргі таңда Қор деңгейінде коронавирус пен пневмонияға қарсы күреске 159 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Алматы қаласы бойынша аталған шараларға жұмсалатын қаражаттың жалпы сомасы 22,9 млрд теңгені құрайды», - деді филиал басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Наурыз бен тамыз аралығында медицина қызметкерлеріне 11,6 млрд теңге қосымша ақы төленген. ПТР анализдерге 471 млн теңге бөлінді.

Өткен алты айда 33,8 мыңнан астам медицина қызметкеріне коронавирусқа қатысты қосымша ақы төленген. Эпидемияға қарсы іс-шараларға жұмылдырылған емдеу мекемелерінің қызметкерлері барлығы 11,6 млрд теңге үстемақы алды. Соның ішінде:

- 1-топ – 5 млрд 811,4 млн теңге (9 729 адам);

- 2-топ – 4 млрд 413,9 млн теңге (14 535 адам);

- 3-топ – 1 млрд 421,8 млн теңге (9 623 адам).

Естеріңізге сала кетсек, пандемия басталғалы бері Қазақстан бойынша дәрігерлердің жалақысына қосымша 73 млрд теңгеден астам үстемақы төленген.