Жаңалықтар

Алматыда Pfizer вакцинасын қай жерде салдыруға болады

2021 жылғы 21 қазан 13:22
Алматыда Pfizer вакцинасын қай жерде салдыруға болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда барлық вакцина пунктінде Pfizer вакцинасын сақтауға арналған жабдықтар бар. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыда коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы қаладағы барлық вакцина пунктіне жеткізіледі. Кеше Pfizer вакцинасын қолдану бойынша нақты ақпарат алдық. Қазір бізде 137 вакцина пункті жұмыс істеп тұр, сол жердің барлығында Pfizer вакцинасын салдыруға болады. Бұл вакцинаны бірінші кезеңде салдыра алатын үкімет бекіткен адамдардың үш тобы бар екенін білеміз. Олар: 12-18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер және емшектегі баласы бар әйелдер. Алматы бойынша қазір вакцинаны мамандарды үйге немесе мектепке шақырып салдыруға болады», - деді басқарма басшысы. Оның айтуынша, қазір қалада вакцина салдыруға жататын 176 600 бала мен емшектегі баласы бар 67 мың әйел және 20,5 мың жүкті келіншек бар. «Бізде осындай тізім бар, алайда вакцина адамдардың өз еркі бойынша салынады. Сондай-ақ ата-аналардың рұқсаты болуы керек. Дәл қазір қанша адамның қай вакцина пунктінде вакцина салдыратынын, мамандардың қай мектепке барып вакцина салатынын білмейміз. Бұл ниет білдірген адамдарға байланысты белгілі болады», - деді ол. Мегаполисте орналасқан барлық вакцина пунктінде Pfizer вакцинасын сақтауға арналған жабдықтар бар.