Жаңалықтар

Алматылық дәрігерлер өкпесінің 90 пайызы зақымданған зейнеткерді аман алып қалды

2021 жылғы 15 сәуір 10:05
Алматылық дәрігерлер өкпесінің 90 пайызы зақымданған зейнеткерді аман алып қалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық дәрігерлер өкпесінің 90 пайызы зақымданған 72 жастағы зейнеткерді құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Науқас коронавирус жұқтырып, ауыр жағдайда екіжақты пневмониямен ауруханаға түскен. Ведомствоның мәліметінше, 72 жастағы әйел Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасына ауыр халде жеткізілген. КТ тексеру кезінде өкпенің екіжақты полисегменттік зақымдануын көрсетті. Сонымен қатар, өкпенің 90 пайызы қабынғаны анықталды. Стационарда 6 күн болғаннан кейін науқастың оң аяғында ауырсыну пайда болды. Дәрігерлер шұғыл түрде аяқтың төменгі жағына ультрадыбыстық зерттеу жүргізді. Оған варикозды-тромброфлебиті диагнозы қойылды. Науқасқа кроссэктомия отасы жасалды. «Кроссэктомия - бұл аяқтың тамырларына жасалатын хирургиялық операция. Ота кезінде тері астындағы үлкен тамыр мен оның санның көктамырына құятын орны анықталды (бөлінді). Санның көктамырынан 0,5-1,5 см аралықта тері астындағы тамырды, сондай-ақ оның барлық салалары байланды. Барлық манипуляциялар өте мұқият жүзеге асырылады, өйткені жамбас артериясы жақын орналасқан. Оның үстіне, ұйыған қанның тері астындағы тамырдан жамбасқа қарай ауысу қаупі бар. Операция шамамен 1,5 сағатқа созылды. Ота сәтті өтті», - дейді Орталық қалалық клиникалық ауруханасының хирургі Нұрлыбек Амангелдин. 16 күн бойы науқас КВИ-дан ауруханада емделді және операциядан кейін төсек режимінде болды. Дәрігерлердің үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында ғана бүгінде ол амбулаториялық бақылаудан кейін жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.