Жаңалықтар

Алматылық мұғалімдер қала тұрғындарын вакцина алуға шақырады

2021 жылғы 16 маусым 13:31
Алматылық мұғалімдер қала тұрғындарын вакцина алуға шақырады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының білім беру мекемелерінің басшылары вакцина туралы өз ойларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Д.А. Қонаев атындағы колледж директоры Райхан Бөлекбаева коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын айтты. «Менің ойымша, бұл өзіңді және басқаларды вирустан қорғаудың ең тиімді әдісі. Барлық қазақстандықтарды да вакцина алуға шақырамын. Біз білім беру саласының қызметкерлері ретінде балаларға сапалы білім беру үшін онлайн оқыту форматынан офлайн режиміне көшкенін түсінеміз. Өйткені, біз олармен өзара араласуымыз керек», - деді ол. Өз кезегінде, №95 жалпы білім беретін мектеп директоры Айнұр Сабирова мұғалімдерінің 80%-ы вакцина алғанын жеткізді. «Біз екпе алдық өйткені оқушыларды сағындык. Барлық азаматтарды вакцина салуға шақырамын, себебі дені сау ұлт- біздің болашағымыз. Сондықтан мектептер біздің оқушылар үшін және еліміздің болашағы үшін ашылуы тиіс», - деді Айнұр Сабирова. Алматы мемлекеттік энергетика және электрондық технологиялар колледжінің директоры Тайтулеев Төлеуғали Мұхамеджанұлы өз әріптестеріне қолдау көрсетіп, барлық қала тұрғындарын вакцина алуға шақырды. «Мен вакцина салдыру керек деп ойлаймын. Мен вакцинаның бірінші дозасын наурыздың басында, ал екіншісін сәуірдің басында алдым. Мен үшін бұл ең алдымен азаматтық парыз болды: қоғам алдындағы парыз, студенттер мен отбасым алдындағы борыш. Сондықтан вакцина алу қажет. Халықтың басым бөлігі вакцина рәсімінен өткен кезде біз қалыпты өмірге оралатынымызға сенімдімін», - деді Төлеуғали Тайтулеев. Айта кетейік, мұғалімдерді ерікті вакциналау 2021 жылдың 3 наурызында басталды.