Жаңалықтар

Алматылықтар коронавирус инфекциясын қай жерде жиі жұқтырады

2021 жылғы 17 маусым 14:38
Алматылықтар коронавирус инфекциясын қай жерде жиі жұқтырады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин алматылықтардың коронавирусты қай жерде жиі жұқтыратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жандарбек Бекшин келтірген мәліметке сәйкес, соңғы эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша азаматтардың 90%-ы коронавируспен ауыратын науқастармен байланыста болған. Қоғамдық орындарда жұқтыру қаупі жоғары - 49%, отбасында - 22%, ал қоғамдық көлікте - 18%. «Көбінесе 20 мен 40 жас аралығындағы азаматтар жұқтыруда, олардың көрсеткіші - 33%, 40 пен 60 жас аралығындағы азаматтар - 28%, ал 60 жастан асқандардың 25% жиі ауырады. Осы жас санатындағы азаматтар барлық науқастың 86%-ын құрайды», - деді Бекшин. Қаланың бас санитар дәрігері брифинг барысында тұрғындарды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе жабық бөлмелер мен адам көп жиналатын орындарға барғанда бетперде киюді, сондай-ақ сапарға жиі шығудан, адам көп жиналатын бұқаралық іс-шараларға барудан аулақ болуды ескертті. Аурудың алдын алудың маңызды шарасы – гигиена, әсіресе қолды таза ұстау. Сонымен қатар,ол қала тұрғындарын белсенді түрде вакциналануға шақырды. Ол адамдардың қауіпті инфекциядан қорғайтын вакцина алмаса, аурудың азаймайтынын тілге тиек етті.