Жаңалықтар

Алтай Көлгінов елорда тұрғындарына үндеу жасады

2020 жылғы 10 тамыз 17:57
Алтай Көлгінов елорда тұрғындарына үндеу жасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарын сақтық шаралары мен санитария нормаларын карантиннен кейін де барынша сақтауға шықырды. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Карантин алынғаннан кейін эпидемиологиялық жағдайдың қалай боларына талдау жасадық. Болжамға сәйкес, жағдай бірден жақсарып кетпейді. ОРВИ маусымын ескерсек жылдағыдай медициналық мекемелерге аурытпалық түседі. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Емхана, ауруханаларға қосымша көмек көрсетілді. 600-ден астам флуометр, 500-ге жуық оттегі концентраторы, 500-ге жуық арнайы төсек-орын, өкпені жасанды желдету және КТ аппараттары алынды. Алдағы уақытта жедел жәрдем көліктері де жеткізіледі. Екі апта ішінде қалаға 110 тоннадан астам дәрі жеткізілді. Біз бұл жұмыстарды жүйелі негізде жалғастыра береміз», - деді А.Көлгінов.

Елорда басшысының айтуынша, қажет болған жағдайда барлық 16 инфекциялық стационар қайта ашылады.

«Спорттық ғимараттар мен басқа да бірқатар нысан кез келген сәтте орындар әзірлей алады. Жасыратыны жоқ, қала тұрғындары алғашқы карантиннен кейін санитария нормаларын сақтамады. Бұл, кері әсерін тигізіп, індетке шалдыққандардың саны күрт өсті. Дәрігерлер мен медициналық ұйымдар мүмкіндігінше барын салып жұмыс істеді. Карантин шаралары ғана жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді», - деді ол.

Атап өтілгендей, инфекциялық стационарлардағы төсек-орынға сұраныс шілде айының басынан бастап 99 пайыздан 18,5 пайызға дейін төмендеді. 16 стационардың бесеуі жабылды. Оларда болған барлық науқастар жазылып шықты. КВИ мәселелері бойынша жедел жәрдем шақыру саны 9,5 есеге жуық төмендеп, тәулігіне 500-ден 53-ке дейін азайды. Стационарларда пневмониямен ауыратын науқастардың саны 6 есе қысқарды.

№1 және №2 қалалық балалар ауруханасы тамыз айының басынан бастап бұрынғы режимде жұмыс істей бастады.

«Ертеңнен бастап қалалық емханалар жоспарлы қабылдауды қайта жалғастырады. Бірақ індетті жұқтыру қаупі жойылды деуге әлі ерте. Инфекцияны тоқтату үшін сақтық шаралары мен санитария нормаларын барынша сақтау қажет», - деп жазды Алтай Көлгінов.