Жаңалықтар

Америка коронавирустан қаза болғандарды 5 күн аза тұтады

2021 жылғы 23 ақпан 09:04
Америка коронавирустан қаза болғандарды 5 күн аза тұтады

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – АҚШ-тың федералды және әскери нысандарында мемлекеттік ту төмен түсірілетін болады. Коронавирустан қайтыс болғандарға құрмет білдіру мақсатын тұтқан шара 5 күнге жалғасады. Мұндай тапсырманы ел Президенті Джо Байден берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Америка дауысы» агенттігіне сілтеме жасап.

22 ақпан күні кешке Джо Байден коронавирус індетінен көз жұмған Американың 500 мың халқын 1 минут үнсіздікпен еске алып, отандастарын әлдебір түсініспеушіліктерді кейінге қалдырып, пандемиямен бірлесіп күресуге шақырды. «Бүгін бізде өте қаралы, жанға батарлық кезең – 500 071 адам қайтыс болды. Пандемияның бір жылында ажал құшқан америкалықтар саны Бірінші дүниежүзілік соғысты, Екінші дүниежүзілік соғысты және Вьетнам соғысын қоса алғандағы санға қарағанда – көп», - деді ол. Президент сөз сөйлегеннен кейін вице-президент Камала Харис, бірінші ханым Джилл Байден және екінші джентльмен Даг Эмхофф Ақүйде бір минут үнсіздікте болды. Ақүйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің мәліметінше, АҚШ басшысы алдағы 5 күнде федералды және әскери нысандарда мемлекеттік ту түсірілген күйі тұруын тапсырды. Джо Байден америкалықтарды пандемиямен күресте қырағы болуға, маска тағуға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға және өзінің кезегі жеткенде вакцина салдыруға үндеді. Айта кетейік, әлемде коронавирустан болған өлім-жітім санының 19 пайызға жуығы Америка құрама Штаттарына тиесілі.