Жаңалықтар

AntiKor.live: Жаңа жұмыс орнын ашқаннан гөрі, барын сақтап қалу тиімді

2020 жылғы 10 тамыз 13:01
AntiKor.live: Жаңа жұмыс орнын ашқаннан гөрі, барын сақтап қалу тиімді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі жағдайда әр кәсіпорын, әр жұмыс орны үшін күресу керек. Бұл туралы «Өркен» Қазақстандық республикалық салааралық ынтымақтастық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Болат Омаров «AntikorLive» жобасы ұйымдастырған тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда еліміздің экономикасы, әлем экономикасы үшін қиын кезең. Экономиканың барлық саласында үлкен құлдырау болды: бұл ірі көлемді өндіріске де, жұмыс орындарының жабылуына да қатысты. Мұндай жағдай біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатыр. Жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында ҚР Үкіметі жағдайды реттеу үшін бірқатар шаралар кешенін қолға алды. Жаңа жұмыс орнын ашқаннан гөрі, жұмыс орнын сақтап қалу әлдеқайда тиімді», - дейді Болат Омаров.

Ол әр кәсіпорын, әр жұмыс орны үшін күресу керек екенін айтты. Сондай-ақ, құрылыс саласындағы жемқорлық тәуекелдері туралы да сөз қозғады.

«Бұл салада қызмет етіп келе жатқаныма ұзақ уақыт болды. Қарапайым жұмысшы болудан бастап, барлық сатыдан өттім. Тек заң аясында жұмыс істеуге тырыстым және басқаларға да осылай жұмыс істеуді ұсынамын. Жемқорлықтың алдын алу – қоғамның, соның ішінде құрылысшылардың да мәселесі. Құрылыс саласы – көпқырлы процесс, құжат жұмыстары да көп. Жемқорлықтың орын алуы мүмкін себептер бар екені де сөзсіз. Жер кодекстерінің жұмысына қатысты да пысықтауды қажет ететін мәселелер бар», - дейді ол.