Жаңалықтар

Арыз-шағымдарға жедел жауап беруге әзірміз - Бағдат Қожахметов

2020 жылғы 10 тамыз 15:19
Арыз-шағымдарға жедел жауап беруге әзірміз - Бағдат Қожахметов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аптаның әр дүйсенбісінде Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов коронавирус инфекциясына қатысты жағдайды баяндайтын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі ретінде апта сайын еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде және халыққа көрсетіліп жатқан медициналық жәрдем туралы ақпарат беріп тұратын боламыз. Сонымен қатар, індетке қарсы күрестің нәтижелелері жайында баяндаймын», - деді Бағдат Қожахметов.

Осы орайда ол Денсаулық сақтау министрлігінің өзіндік медиа орталығы іске қосылғанын еске салды. Оның негізгі міндеті – қоғамдық ортамен, ақпарат құралдарымен және мемлекеттік органдармен арадағы байланысты нығайту.

«Министрліктің атына келіп түсетін арыз-шағымдарға жедел жауап беруге әзірміз. Баспасөз мәжілісінде қойылатын сұрақтардан бөлек, менің жеке парақшама жіберілген сұрақтарды, әлеуметтік желіде айтылатын сауалдардың барлығын қамтуға тырысамыз», - деді ресми өкіл.


Фото: ortcom.kz