Жаңалықтар

Ashyq қосымшасы Алматыда қай мекемелерде қолданылады

2021 жылғы 5 наурыз 16:30
Ashyq қосымшасы Алматыда қай мекемелерде қолданылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин тікелей эфир барысында Ashyq қосымшасының қалай жұмыс істейтінін кеңірек түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматыда Ashyq қосымшасын 13 мың кәсіпкерлік нысан тіркеуге ниет білдіріп отыр. «Бұл фитнес клубтар, спа-орталықтар, сауна, бассейн, компьютер клубтары мен боулинг орталықтар. Бұл жүйе бизнес үшін көп қаражатты талап етпейді. Пилоттық жобаға қатысатын кәсіпкерлік нысандарына кіру үшін келушілер арнайы QR-код арқылы өтеді. Мәселен, «жасыл» мәртебе COVID-19 ПТР талдауы теріс боп шыққан адамға беріледі. ПТР талдауы жоқ, COVID-19 ауырған адаммен байланысы жоқ адамға «көк» мәртебе беріледі. «Сары» мәртебе COVID-19 науқас адаммен байланысы болған адамға беріледі. «Қызыл» мәртебе базада COVID-19 ПТР талдауы оң шыққан адамдарға беріледі», - деді қаланың бас санитарлық дәрігері. Айта кету керек, ҚР Цифрлық даму, инновация, аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігі ҚР ДСМ біріге отырып елдегі эпидемиологиялық ахуалды бақылау үшін Ashyq қосымшасын әзірледі. Ashyq қосымшасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларындағы нысандарда қолданылып жатыр.