Жаңалықтар

Ashyq: «Turkistan» әуежайында мәртебесі «қызыл» түсті көрсеткен азамат рейске жіберілмеді

2021 жылғы 17 маусым 16:39
Ashyq: «Turkistan» әуежайында мәртебесі «қызыл» түсті көрсеткен азамат рейске жіберілмеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Turkistan» халықаралық әуежайында оқшаулау режимін бұзған азамат анықталды. Статусы «қызыл» түсті көрсеткен Түркістан қаласының тұрғыны рейске жіберілген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 1 маусымнан бастап үй карантинінде жатқан Түркістан қаласының тұрғыны 10 маусымда өзін-өзі оқшаулау кезеңінің аяқталуын күтпестен қаладан кетуге тырысқан. Азаматтың коронавирустық инфекцияға шалдығуына байланысты карантинге жатқызылған уақытынан 14 күн өтпегендігі жөнінде «Turkistan» халықаралық әуежайында Ashyq жобасы аясында белгілі болды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары оқшаулау режимін бұзушыға әкімшілік айыппұл салды. ӘҚБтК-нің 452 бабына сәйкес оның мөлшері 87 510 теңгені құрайды. Түркістан облысында 10-15 маусым аралығында Ashyq ақпараттық платформасының көмегімен өзін-өзі оқшаулау режимін бұзудың 6 жағдайы тіркелген. Қызыл түс 2 пайдаланушыда, сары түс 4 пайдаланушыда анықталған. Еске салайық, 10 маусымда Қазақстанда КВИ-ға шалдыққан науқастар және олармен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитариялық-эпидемиологиялық талаптар күшіне енген болатын. Өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушылар Ashyq ақпараттық платформасының көмегімен анықталады.