Жаңалықтар

Астаналықтар коронавирусқа қарсы вакцинаны қалай ала алады

2021 жылғы 9 сәуір 14:26
Астаналықтар коронавирусқа қарсы вакцинаны қалай ала алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада азаматтарды алдын ала жазу бойынша вакцинациялау басталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 600 мыңнан астам адамға немесе қала тұрғындарының кем дегенде 60%-на вакцина жасау жоспарланған. «Бүнгінгі таңда елордада 22 500-ден астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл медициналық қызметкерлер, оқытушылар, құқық қорғау органдарының, дипломатиялық қызметтегі қызметкерлер және созылмалы ауруы бар адамдар. Вакцинадан кейін асқынулар тіркелмеген. Осы аптада қала тұрғындарының алдын ала жазылуы бойынша жаппай вакцинациялау басталды. Яғни коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны алғысы келетін адамның барлығы өз еркімен жазылып, енді емханалардан шақыруды күтуде», - деді Тимур Мұратов. Сонымен қатар, денсаулық басқармасы астаналықтарды вакцинациялаудың алгоритмін жасады. «Коронавирусқа қарсы екпені алғысы келетіндер екі жол арқылы өтініш қалдыра алады. Азаматтар eGov порталы арқылы өздеріне ыңғайлы уақытта және жерде вакцинация алуға өтініш қалдыра алады. Екпе жасайтын мекемелердің тізімі eGov порталында бар. Дәрігер азаматты вакцина алу тізіміне қосқан соң, оған жеке нөмірне смс-хабарлама келеді. Ол жерде уақыты, вакцинация жасалатын жердің мекен-жайы көрсетіледі», - деп атап өтті ол. Вакцина алған адамдар 30 минут бойы бақылауда болады. «Халықты вакцинациямен қамту үшін медициналық ұйымдарда егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін көбейтілді, олардың жұмысы таңғы 8: 00-ден түнгі 24: 00-ге дейін ұзартылды. Сондай-ақ халықтың екпе алуы қолжетімді болуы үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірге вакцинациялау пунктерін қаланың сауда және ойын-сауық орталықтарында орналастыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда «Mega Silk Way» СОСО-да барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапты ескере отырып, халықты вакцинациялауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Онда екі бригада түске дейін және екі бригада түстен кейін жұмыс істейді. Бригадалар дәрігерлер мен медбикелерден құралған, - деп түсіндірді Тимур Мұратов брифингте.