Жаңалықтар

Ата-анасы вакцина алмаған балалар балабақшаға кіргізілмейтіндігі жайлы ақпарат жалған

2021 жылғы 4 тамыз 14:10
Ата-анасы вакцина алмаған балалар балабақшаға кіргізілмейтіндігі жайлы ақпарат жалған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ата-анасы коронавирусқа қарсы екпе салдырмаған балалар балабақшаға кіргізілмейтіндігі жайлы ақпарат жалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «ата-анасы COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған балалар балабақшаларға кіргізілмейтіндігі» туралы ақпарат тарап кетті. Алайда өңірдің және елдің бас санитарлық дәрігерлерінің қаулыларында мұндай талаптар жоқ. ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қауесетті жоққа шығарды. «ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 14 шілдедегі қаулысында мектепке дейінгі мекемелерге баратын бүлдіршіндердің ата-аналарын вакцинациялау туралы мәселе қозғалмайды. Балалар балабақшаларға еш шектеусіз барады», – делінген хабарламада. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында соңғы 3 ай ішінде тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар немесе COVID-19 инфекциясымен ауырғандарды қоспағанда, вирусқа вакцина алмаған адамдар күндізгі бөлімде жұмыс істеуге жіберілмейді деп жазылған. Бұл талап білім беру және тәрбиелеу ұйымдарының қызметкерлеріне де қатысты. Алайда аталған білім беру мекемелеріне баратын балаларға және олардың ата-аналарына вакцинация туралы талаптар қолданылмайды.