Жаңалықтар

Атырау облысында 4 448 адам коронавируспен ауырып жатыр

2022 жылғы 21 қаңтар 14:58
Атырау облысында 4 448 адам коронавируспен ауырып жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында коронавируспен 4 448 адам ауырып жатыр. Оның ішінде 500 науқас Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда оқшауланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында қауіпті вирусты жұқтырған науқастар саны тағы да көбейді. Мәселен, 20 қаңтарда тағы да 556 адамнан коронавирус инфекциясының белгісі табылды. Өткен тәулікте Атырау қаласында 442 науқас тіркелді. Қауіпті вирусқа Теңіз кен орнында жұмыс істейтін 40 жұмысшы шалдыққан. Сондай-ақ, індетті Қызылқоға ауданында 20, Жылыойда – 18, Индерде – 14, Құрманғазыда – 13, Мақатта – 12, Махамбет ауданында 10 адамның жұқтырғаны анықталып отыр. «Қазір Атырау облысында 4 448 адам коронавирус инфекциясымен ауырып жатыр. Оның ішінде 3 948 адам өз үйінде емделуге жіберілген. Ал, өңірдегі инфекциялық стационарларда 832 науқас оқшауланған. Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында ашылған инфекциялық стационарда – 500, модульдік ауруханада – 190, аудандардағы стационарларда – 65, №2 облыстық ауруханада – 43, фтизиопульманологиялық орталықта 34 пациент ем-дом қабылдап жатыр», -деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ажар Ғиният Теңіз кен орнында санитарлық талаптарды күшейтуді тапсырғанын, кейін атыраулық дәрігердің омикрон штамы мутацияға ұшырап, тез өзгеретіні туралы пікірі жарияланған еді.