Жаңалықтар

Атырау облысында 70 отбасылық шара жасырын өткен

2020 жылғы 25 қазан 07:44
Атырау облысында 70 отбасылық шара жасырын өткен

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында шектеу шаралары мен санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын 114 мониторингілік топ үш күнде 2273 нысанды тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, карантиндік шектеулерге қарамастан, Атырауда той,​ садақа өткізу тыйылмай тұр. «22 қазанда Атырау қаласында жасырын той жасаған екі дерек анықталды. Индер ауданында осындай екі жағдай тіркеліп отыр. Жалпы, 20-22 қазан аралығында жүргізілген рейд кезінде 2273 нысан тексерілді. Ал, 11 шілдеден бүгінге дейін облыста 70 отбасылық шара жасырын өткен. Атырау облысында санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторингілік топ таратқан ақпаратқа сәйкес, той-садақа өткізуден алғашқы үштікті Атырау қаласы, Жылыой мен Қызылқоға ауданы бастап тұр» деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметінен. Рейд кезінде шектеу шараларын сақтамай жұмыс істеген 75​ кафе, мейрамхана сынды қоғамдық тамақтану орындары анықталған. Оның ішінде 67-сі Атырау қаласында, ал 5 дерек Жылыой ауданында тіркелген. Сондай-ақ, 102 азық-түлік дүкені бекітілген уақыттан тыс жұмыс істеген. Еске сала кетелік, бұған дейін карантин талаптарын сақтамаған 324 атыраулыққа айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.