Жаңалықтар

Атырау облысында коронавирустан 7 мыңға жуық адам емделіп жатыр

2021 жылғы 5 тамыз 13:54
Атырау облысында коронавирустан 7 мыңға жуық адам емделіп жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 6 992 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Оның ішінде инфекциялық стационарларда 1 700, ал үйінде ем қабылдау үшін 5 292 науқас оқшауланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кеше 397 адам коронавирус инфекциясына шалдыққан. «Оның ішінде Атырау қаласында қауіпті вирус жұқтырудың 265 жағдайы расталды. Ал, Теңіз кенішінде 44 жұмысшыдан, Жылыой ауданында – 34, Қызылқоғада – 11, Исатайда – 10, Құрманғазыда – 10, Индерде – 9, Мақатта – 7, Махамбет ауданында 7 адамнан коронавирус инфекциясының белгісі анықталды» -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі. Өңірде өткен тәулікте 257 адам емделіп шыққан. Қазір 5 292 адам үй жағдайында ем-дом қабылдап жатыр. Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда – 417, аудандардағы стационарларда – 409, модульдік ауруханада – 198, №2 облыстық ауруханада – 194, теміржол ауруханасында – 113, кардиологиялық орталықта – 109, облыстық ауруханада – 76, фтизиопульманология орталығында 75 науқас емделуде. Ал, инфекциялық стационарға лайықталған жатақханаларда 109 пациент емделу үшін оқшауланған. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында коронавирус жұқтырған 6,5 мың адам оқшауланғанын хабарлаған болатынбыз.