Жаңалықтар

Атырау облысында мониторинг тобының жұмысы күшейтіледі

2020 жылғы 24 қараша 10:05
Атырау облысында мониторинг тобының жұмысы күшейтіледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мониторинг топтарының жұмысы күшейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өткізген кеңсте белгілі болды. «Қазір әлем елдеріндегі ахуал күрделене түсті. Тіпті бірқатар облыстағы жағдайды көріп отырмыз. Сондықтан кез келген уақытта дайын болуымыз керек. Қауіптің алдын алу үшін мониторинг топтары әсіресе, демалыс күндері жұмысын күшейтсін. Халыққа індеттің қаупі туралы түсіндіру, ескерту жұмысын жандандырыңыздар»,- деді Махамбет Досмұхамбетов. Жиында денсаулық сақтау, полиция, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы және қала, аудан әкімдері атқарылып жатқан жұмыстары бойынша есеп беріп, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Галиев мониторинг топтарының жұмыс тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар нақты ұсынысын айтты. Сондай-ақ, шекара бекетінде елімізге келушілерге бақылауды күшейту, сенбі-жексенбі күндері тексеріс шараларын көбейту, кәсіпкерлер карантиндік шараларды бірнеше рет бұзған жағдайда лицензиясынан айыру мәслелері де талқыға салынды. Басқосу соңында өңір басшысы қаулы талаптарын қатаң сақтауды, мониторингтік топ жұмысын тұрақты зерделеп отыруды, түсінік жұмысын кеңінен жүргізіп, жауапты тұлғалардың бірлесе іс-қимыл жасауын, сонымен қатар бақылауды күшейтуді тапсырды. Биылғы 5 маусым-20 қараша аралығында мониторинг топтары 6120 тексеріс жүргізіп, 15 122 нысан тексерілген. 2005 материал жинақталып, 86 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Оның ішінде 579 әкімшілік іс жеке және заңды тұлғаларға қатысты толтырылған. Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда екі айда салынған модульді инфекциялық аурухана ашылғанын хабарлап едік.