Жаңалықтар

Атырауда 73 жастағы дәрігер вакцина салдырды

2021 жылғы 23 ақпан 13:08
Атырауда 73 жастағы дәрігер вакцина салдырды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 73 жастағы дәрігер коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың мәліметінше, Атырауға вакциналау басталардан бір күн бұрын «Спутник-V» вакцинасының 1000 дозасы жеткізілген. Вакцина салу үшін Атырау қаласында 16, ал аудандарда 8 арнайы орын дайындалған. «Дәрігерлермен бірге, коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентін алдым. Вакцинация аздап ауырсынумен қатар жүрді. Бірақ бірінші кезеңнен кейін жанама әсері болған жоқ. Вакцина алу – «Covid-19» қауіпті вирусын жұқтырмаудың басты жолы», - дейді Бақытгүл Хаменова. Вакцина салдырған дәрігерлердің арасында 73 жастағы хирург Марат Есжанов та бар. Оның айтуынша, вакцинаның жанама әсері жоқ. «Мен де 1 ақпанда әріптестеріммен бірге коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші кезеңін алдым. Дене қызуы, әлсіздік, бас айналу секілді әсерлер, басқа да асқынулар болған жоқ. Вакцинациядан кейін 10-15 минут дәрігерлер бақылауында болдық. Кейін күнделікті жұмысымызға кірістік», - дейді Марат Есжанов. Еске сала кетелік, Атырау облысында вакцинациялаудың бірінші кезеңі аяқталғанын хабарлаған едік.