Жаңалықтар

Атырауда «Ashyq» жобасы арқылы «қызыл» мәртебесі бар 57 адам анықталды

2021 жылғы 1 тамыз 20:25
Атырауда «Ashyq» жобасы арқылы «қызыл» мәртебесі бар 57 адам анықталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда «Ashyq» жобасымен «қызыл» мәртебесі бар 57 адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім меңгерушісі Рысжан Таубаеваның мәліметіне сүйенсек, 2 тамыздан бастап «Ashyq» жобасына қосылмаған кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы шектеледі. «Атырау облысында «Ashyq» жобасына 3146 нысан қосылды. Оның 84%-ы Атырау қаласында тіркелген. Осы жобамен «қызыл» мәртебесі бар 57, «сары» мәртебелі 222 адамның кәсіпкерлік нысандарға кіруге әрекеттенгені анықталды. «Қызыл» мәртебесі бола тұра қыдырып жүрген адамдарға 23 айыппұл салынды» -дейді Рысжан Таубаева. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау қаласында карантин шектеуі күшейтілетінін, инфекциялық стационарларда 1 549 науқас жатқанын жазған едік.