Жаңалықтар

Атырауда коронавирус вакцинасын салу үшін 22 емханадан орын дайындалды

2021 жылғы 26 қаңтар 07:48
Атырауда коронавирус вакцинасын салу үшін 22 емханадан орын дайындалды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында коронавирусқа қарсы екпе салу ақпан айында басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, екпені алдыңғы кезекте медицина мамандарына салу жоспарланып отыр. «Денсаулық сақтау министрлігі бекітетін алгоритмге сәйкес, тұрғындарға ерікті түрде екпе салу вакцинаға жауапты медицина мамандары кәсіби оқудан өткеннен кейін ақпан айында басталады. Облыс тұрғындарына вакцина салу үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 22 ұйымда орын дайындалды. Оның ішінде 15 мемлекеттік ұйым бар. Қалғаны – жекеменшік медициналық ұйымдар» -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі. Емханалар вакцина салуды тұрғындардың санына қарай ерікті түрде бастайды. Алгоритмге сәйкес, екпені бірінші кезекте коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға көмек көрсететін медицина мамандарына салу жоспарланып отыр. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Теңіз кенішіндегі науқастар 81 адамға көбейгенін хабарлаған едік.