Жаңалықтар

Ауылдық медицина ұйымдарына 24 жылжымалы медициналық кешендер табыс етілді

2020 жылғы 22 қазан 13:04
Ауылдық медицина ұйымдарына 24 жылжымалы медициналық кешендер табыс етілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов басшылығымен отандық өндірістің 24 жылжымалы медициналық кешенін еліміздің төрт солтүстік өңіріндегі аудандық ауруханалардың қызметкерлеріне салтанатты табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі primeminister.kz сілтеме жасап.

Вице-премьер Е. Тоғжанов құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы мен Үкіметтің атынан еліміздің барлық медицина қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін шын жүректен алғысын білдірді. Ел басшылығы сапалы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау бойынша шаралар қабылданғанын ерекше атап өтті. Жылжымалы медициналық кешендер отандық автокөлік негізінде құрыстырылған және көшпелі жағдайда азаматтардың денсаулығын тексерудің кең спектріне арналған. Кешен цифрлық құралдармен жабдықталған 7 мамандандырылған кабинеттен тұрады: жалпы қабылдау кабинеті, жалпы тәжірибелік дәрігер зонасы, талдауларды қабылдау зонасы, дәріхана пункті, функционалдық диагностика тестілері, акушер-гинеколог кабинеті, сәулелік диагностика кабинеті. Сонымен қатар, мобильді медициналық орталықта арнайы қорғасынмен қапталған бөлме орнатылған, онда рентген және флюорографияны қауіпсіз жасауға болады. Жүйенің басқа адамның жәрдеміне мұқтаж жандар үшін инфрақұрылымдық жүйемен жабдықталуы өте маңызды — пандус-лифт мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдауды қолжетімді етеді. Аталған кешендер аудан орталықтарынан 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан ауылдық округтерде медициналық қызметтерді жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың 23 қазанына дейін Қазақстанның өңірлері 100 жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етіледі. Өз кезегінде медицина қызметкерлері мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанына зор ризашылықтарын білдірді. Осындай кешендердің арқасында дәрігерлер ауыл тұрғындарына сапалы көмек көрсетіп, Қазақстан азаматтарының денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығын жақсарта алатынын атап өтті.