Жаңалықтар

Бас санитар: Атырауда карантин мерзіміне қатысты тараған ақпарат - жалған

2020 жылғы 8 маусым 13:43
Бас санитар: Атырауда карантин мерзіміне қатысты тараған ақпарат - жалған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда карантин мерзіміне қатысты тараған ақпаратты облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін әлеуметтік желіде карантин созылғаны жөнінде қаңқу сөз тараған болатын.

«10 маусым күні кешке сағат 18.00-де Мақат ауданы мен Жылой ауданында карантин 21 маусымға дейін созылады. Атырау қаласы, Қызылқоға, Құрманғазы аудандары карантинге жабылады. 10 маусым түнгі 23.59-дан бастап Атырау қаласы көшелерінде көлік қозғалысы шектеледі. 11 маусым күні азық-түлік алу мақсатында бір үйден бір адам ғана шыға алады, әрбір үйге рұқсат қағазы таратылады» делінген тараған хабарда.

Аталған ақпаратты облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Амантай Жұмағалиев жоққа шығарып, жалған екенін растады.

«Бұл хабарлардың өтірік екенін ескертемін. Деректерді ресми ақпарат көзінен алуды сұраймын» деді ол.