Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда 232 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды

2021 жылғы 21 қазан 14:12
Батыс Қазақстанда 232 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 232 003 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл - өңірдегі егілуге тиісті тұрғындардың 55,9 пайызы. Соның 210 053-і екінші компонентпен егіліп үлгерді. Өткен тәулікте облыс бойынша 730 адам бірінші компонентті қабылдады. Соның ішінде 76-сы - созылмалы сырқаты бар адамдар. Басқарма мәліметіне қарағанда, өткен тәулікте 61 адамнан коронавирус анықталса, 213 науқас жазылып шықты. Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, вирус жұқтыру көрсеткіші 12 пайызға төмендеді. Күні бүгін 814 адам амбулаториялық, 232 науқас стационарлық ем алуда. Соның ішінде 20-сы ауыр халде. Індет басталғаннан бері тіркелген 38 490 науқастың 31 497-сі емделіп шықты. 797-сі өмірден озды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған 800-ден астам адамның амбулаториялық ем алып жатырғанын жазған болатынбыз.