Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда 33 мыңнан астам адам тұмауға қарсы егілді

2020 жылғы 28 қыркүйек 13:32
Батыс Қазақстанда 33 мыңнан астам адам тұмауға қарсы егілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 33 мыңнан астам адам тұмауға қарсы егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, егу жұмыстары 15 қыркүйек – 15 қазан аралығында жүргізіледі.

Биыл екпе әдеттегідей, 1 қазанда емес, ертерек басталды. Бұл маусымдық ауруларға дейін ағзаның дайын болуы үшін жасалып отыр. Сондай-ақ коронавирус жұқпасының екінші толқынының алдын алу ескерілді.

Екпемен медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұратын, жиі ауыратын, балалар үйлерінде, мектеп-интернаттарда тәрбиеленетін балалар, қарттар мен мүгедектер үйінде тұратындар, жүрек-қан тамырлары, тыныс органдары ауруларымен науқастанатындар, екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша оқушылар, мұғалімдер және басқалар қамтылуда.

Оралда басқарма басшысы Болатбек Қаюпов алғашқылардың қатарында екпе алды.

Күні бүгінге дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы тұмауға қарсы 67 мың доза екпені сатып алған болатын. Оған қоса жергілікті бюджеттің үнемделген қаржысы есебінен 51,6 млн теңгеге 59,5 мың доза екпені сатып алуға қосымша өтінім берілді. Бұл өңір тұрғындарының 20 пайызын екпемен қамтуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 134 мониторинг тобы жұмыс істеп жатқанын жазған болатынбыз.