Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда 52 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды

2021 жылғы 6 мамыр 15:11
Батыс Қазақстанда 52 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 52565 адам (77 пайыз) коронавирусқа қарсы вакцинаның І компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, оған қоса 19982 адам вакцинаның ІІ компонентін қабылдады. Осы кезге дейін өңірге 102200 доза (68300-і – І, 33900-і – ІІ компонент) жеткізілді. Соның ішінде 25 сәуір күні 2 мың доза (1 мыңы – І, жартысы – ІІ компонент) қазақстандық вакцина түсті. Қазіргі кезде 880 тұрғын отандық вакцинамен егілді. Оған қоса 5 мамырда Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген 17500 доза (8750-і – І, 8750-і – ІІ компонент) Hayat Vax араб вакцинасы әкелінді. Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, облыста осы кезге дейін 19960 адам індет жұқтырса, соның 78 пайызы немесе 15554-і жазылып шықты. Мұның 7144-і стационарда, 8410-ы амбулаторлық ем алды. Барлығы 291 адам коронавирустан көз жұмды. Биыл 121 науқас, соның ішінде қаңтарда – 28, ақпанда – 15, наурызда – 30, сәуірде – 42, мамырда 6 адам өмірден озды. Соның 64-і – әйелдер, 57-сі – ер адамдар. Қайтқандардың 119-ында (98 пайызы) созылмалы дерттері болған. Соның ішінде 75 пайызы жүрек-қан тамырлары аурулары, 13 пайызы қант диабеті, 12 пайызы басқа дертке шалдыққан. «Қазіргі таңда 195 төсектік 4 карантиндік стационарда 11 науқас жатыр. Ал 1123 төсектік 18 инфекциялық стационарда 561 адам емделуде. 65 төсектік жансақтау бөлімшелерінде 36 науқас болса, соның екеуі – 50-ге дейінгілер, жетеуі – 50-60, 20-сы – 60-80 жас аралығындағылар, жетеуі – сексеннен асқандар. 32 науқастың 26-сы жүрек-қан тамырлары аурулары, алтауы қант диабетімен ауырады», деді А.Қалибеков. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда блокпостарда 380-нен астам карантин талабын бұзушылық анықталғанын жазған болатынбыз.