Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда бір аптада 458 адамнан коронавирус анықталды

2021 жылғы 25 қаңтар 19:05
Батыс Қазақстанда бір аптада 458 адамнан коронавирус анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бір аптада 458 адамнан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соңғы тәулікте 89 адамның індет жұқтырғаны белгілі болды. Өңірде осы кезге дейін 10393 адам сырқаттанса, соның 8803-і жазылып шықты. 183 адам көз жұмды. Пневмонияға шалдыққан 254 адам стационарлық, 53-і амбулаторлық ем қабылдады. Бұл дерттен 264 адам өмірден озды. Қазіргі кезде инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына 4, оттегі концентраторына 17, орталықтандырылған оттегі көзіне 59 адам қосылған. Жұқпалы аурулар стационарларында 285 адам емделуде. Карантиндік стационарда 32, жансақтау бөлімінде 19 адам жатыр. Қаңтарда коронавирус жұқтырған балалар саны 89-ға жетті. Қарашығанақ кенішіндегі «ҚПО б.в.» компаниясында жұмыс істейтіндер арасынан осы айда 22 адамнан індет табылды. Ал Чинарев кенішіндегі «Жайықмұнай» ЖШС-да 11 адам ауырған. Облыста 13 зертхана бар. Соңғы тәулікте 1931 зерттеу жүргізілді. Тәулік бойы үш ауысымда жұмыс істеп жатқан CALL орталығына соңғы аптада (18-24 қаңтар) 2935 қоңырау шалынса, соның 290-ы коронавирусқа қатысты болды. Соңғы тәулікте 100 қоңырау (25-і індетке байланысты) қабылданды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирусқа қарсы 180 мыңнан астам адамды егу жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз.