Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда блокпостарда 380-нен астам карантин талабын бұзушылық анықтады

2021 жылғы 6 мамыр 13:20
Батыс Қазақстанда блокпостарда 380-нен астам карантин талабын бұзушылық анықтады

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері блокпостарда карантин талабын бұзушылықтың 383 дерегін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, облыста 1 мамырдан бастап эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сай «қызыл» аймақта орналасқан Орал қаласы, Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Казталов, Теректі және Шыңғырлау аудандарының кіреберістерінде орнатылған 21 блокпост қызмет етуде. Департамент басшысының айтуынша, тұрғындар тарапынан карантин талаптарын бұзушылық әлі де тыйылар емес. Блокпостар эпидемиологиялық ахуал жақсарған жағдайда ғана алынатын болады. Өңірде індет басталғалы 19960, 1 мамырдан бері 620 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Мамырда ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген 338 (54,5 пайыз), бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған 208 (33,5 пайыз), профилактикалық мақсатта қаралған 69 (11,1 пайыз) және вахталық ауысымнан шығарда не кірерде, шетелге кетерде, сондай-ақ стационарға жатқызар алдында сынама алынған 5 (0,8 пайыз) адамнан ковид табылды. Соңғы тәулікте 151 науқас тіркелді. Соңғы аптада (29 сәуір – 5 мамыр) алдыңғымен (22-28 сәуір) салыстырғанда, вирус жұқтыру көрсеткіші 15,9 пайызға (1107-ден 930-ға) төмендеді. Осы айда 11495 ПТР тест зерттеулері (күніне орта есеппен 2299) жүргізілді. Мамырда мемлекеттік шекарадан барлығы 5920 адам өтсе, соның 1619-ы – жолаушылар. Анықтамасыз өткен 70 жолаушы карантин стационарына жатқызылды, тест қорытындысына сәйкес ешқайсысынан вирус табылған жоқ. Ал халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 2792 жүргізушінің 423-інде анықтама болған жоқ. Солардың екеуінен коронавирус анықталды. «Облыста мониторингтік топтар да өз жұмыстарын жалғастыруда. 1 мамырдан бастап 39 рейд жүргізіліп, 166 нысан қамтылды. 1 нысанда карантин талабын бұзушылық анықталды. 4 хаттама толтырылып, 175 мыңнан астам теңгеге айыппұл салынды», деді М.Арыспаев. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бір аптада мыңға жуық адамның коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.