Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда инфекциялық стационарда жатқандар саны 580-ге жетті

2021 жылғы 15 сәуір 16:59
Батыс Қазақстанда инфекциялық стационарда жатқандар саны 580-ге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 800 төсектік 10 инфекциялық стационарда 580 адам емделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, ауруханалар 72,5 пайызға толған. Соның ішінде 29 науқас жансақтау бөлімшесінде жатыр. Сондай-ақ 195 төсектік 4 карантиндік стационарда 17 адам ем алуда. Соңғы тәулікте 117, бір аптада 830 адамнан коронавирус анықталды. Пневмонияға шалдыққан 426 адам стационарда, 43-і амбулаторлық ем алуда. Инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 7, инвазивті емес осындай құрылғыға 9, оттегі концентраторына 39, орталықтандырылған оттегі көзіне 119 адам қосылған. Оқу жылы басталған қыркүйектен бері 765, соның ішінде биыл 560 баладан індет табылды. БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда облыста бір мектеп (ауданда) түгелдей карантинге жабылған. Оған қоса 25 мектепте 35 сынып, 1 ЖОО-да 3, 8 балабақшада 9 топқа осындай шектеу қойылды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 463 адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.