Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 27,4 пайызға төмендеді

2021 жылғы 29 қараша 20:28
Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 27,4 пайызға төмендеді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада (22-28 қараша) алдыңғымен (15-21 қараша) салыстырғанда, коронавирус жұқтыру көрсеткіші 27,4 пайызға (164-тен 119-ға) төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткеніндей, 1 қарашадан бері өңірде 735 адамның ауырғаны тіркелді. Соның 54 пайызы (401) ЖРВИ белгілерімен тексерілсе, 27 пайызы (196) профилактикалық мақсатта тест тапсырған. 18 пайызы (128) бұрын сырқаттанғандармен байланыста болса, 1 пайызынан (10) стационарға жатқызар алдында сынама алынған. Осы айда мемлекеттік шекарадан анықтамасыз өткен 744 жолаушының біреуінен, жүк тасымалымен айналысатын 844 жүргізушінің үшеуінен індет табылды. Департамент мәліметіне қарағанда, бетперде режимін бұзған 15 адамға қатысты материал жіберілсе, соның алтауы – қоғамдық көлік жүргізушілері, 8-і – жолаушылар, біреуі – азық-түлік дүкенінің қожайыны. Сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру орындарына қатысты 4 шұғыл хабар берілді. 1,1 млн астам теңгеге 14 әкімшілік хаттама толтырылды. Қараша айында үй карантинін 72 адам бұзған, соның 61-і – «қызыл», 11-і – «сары» мәртебесі бар адамдар. 918 855 теңгеге 21 әкімшілік хаттама жасалды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 1 мыңнан астам адамның Pfizer вакцинасымен егілгенін жазған болатынбыз.