Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда КВИ жұқтырғандардың 60 пайызға жуығы - Орал тұрғындары

2021 жылғы 7 мамыр 19:09
Батыс Қазақстанда КВИ жұқтырғандардың 60 пайызға жуығы - Орал тұрғындары

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 10739 адам коронавирус жұқтырса, соның 59,4 пайызы (6380) Орал қаласында тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткендей, сондай-ақ ауырғандардың 12,6 пайызы (1354) Бәйтерек, 10,9 пайызы (1175) Бөрлі ауданының үлесіне тиеді. Қазіргі таңда облыста 18 инфекциялық стационар 50,6 пайызға (1123 төсекте 569 науқас жатыр) толған. Соның ішінде Орал қаласында 600 төсектік 5 ауруханада 479 адам емделуде (79,5 пайызға толған). Облыстық инфекциялық ауруханада 350 төсекте 307 науқас орналастырылған (87,7 пайыз). Соның ішінде жаңадан салынған 200 төсектік модульдік ауруханада 187 адам ем қабылдауда (93,5 пайыз). Ал облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының 150 төсектік екі корпусында 120 науқас жатыр (80 пайыз). 65 орынға есептелген жансақтау бөлімшесінде 33 адам емделуде (50,7 пайыз). Өңірде резерв ретінде 1444 (679-ы инфекциялық, 765-і карантиндік) төсек-орын әзірленді. Басқарма мәліметіне қарағанда, дәрі-дәрмекке арналған тұрақтандыру қорын толықтыру үшін 422 млн теңге бөлінсе, соның 217 млн теңгесі бойынша келісімшартқа қол қойылды. Облыста коронавирусты зерттеуге арналған 13 зертхана жұмыс жасайды. Соңғы тәулікте 2056 зерттеу жүргізілді. Өңірде соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 145 адам тіркелсе, 72 науқас жазылып шықты. Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, індет жұқтыру көрсеткіші 14,8 пайызға (161-ге) азайды. Індет басталғалы облыста барлығы 20105 адам тіркеліп, соның 15626-сы сауығып шықты. 294 адам көз жұмды. Батыс Қазақстанда 54766 адам вакцинаның бірінші, 20897-сі екінші компонентін салдырды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 52 мыңнан астам адамның коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын жазған болатынбыз.