Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтыру 14 пайызға өсті

2021 жылғы 9 сәуір 19:00
Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтыру 14 пайызға өсті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада коронавирус жұқтыру деңгейі 14 пайызға өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар алаңында мәлім еткеніндей, 26 наурыз – 1 сәуір аралығында 653 адамның ауырғаны тіркелсе, соңғы аптада (2-8 сәуір) 760-қа жетті. Облыста қаңтарда 1837, ақпанда 1950, наурызда 2138 адам індет жұқтырса, сәуір айы басталғаннан бері 864 адамнан анықталды. Оған қоса олармен байланыста болған 1523 адам медициналық бақылауға алынды. Сырқаттанғандардың 312-сі (36,1 пайызы) – жұмыс істейтіндер, 223-і (25,3 пайызы) – зейнеткерлер, 186-сы (21,5 пайызы) – жұмыссыздар, 57-сі (6,5 пайызы) – оқушылар, 28-і (3,2 пайызы) – медицина қызметкерлер, 17-сі (1,9 пайызы) – мұғалімдер. «Облыста мониторингтік топтар да өз жұмысын жалғастыруда. 1 сәуірден бері 217 рейд жүргізіліп, 1443 нысан қамтылды. 11 нысанда бұзушылық анықталып, 16 хаттама толтырылды. Карантин талабын бұзушыларға 700 мыңнан астам теңге айыппұл салынды», деді М.Арыспаев. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда инфекциялық стационарда жатқандар саны 500-ге жуықтағанын, өңірге тағы 14 мың доза вакцина жеткізілгенін жазған болатынбыз.